Инфляция табиғаты және оның қаржымен өзара байланысы

Экономикалық құбылыс ретінде инфляция көптен бері өмір сүріп келеді. Оны тіпті ақшаның шығуымен бірге пайда болды әрі ақшаның қызметімен тығыз байланысты деп саналады.
‘‘Инфляция’’ термині (латынның inflatio сөзінен шыққан – кебіну, ісіну) ақша айналысына қатысты XIX ғасырдың орта шенінде пайда болды және АҚШ-тың Азамат соғысы жылдары (1861-1865ж.ж) қағаз долларының (‘‘гринбектердің’’) қисапсыз көп шығарылуымен байланысты болды. XIX ғасырда бұл термин сондай-ақ Англия мен Францияда қолданылды. Экономикалық әдебиеттерде инфляция ұғымы ХХ ғасырда бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңінен таралды, ал бұрыңғы кеңестік экономикалық әдебиеттерде ол 20-сыншы жылдары жазыла бастады.
Инфляцияның дәстүрлі ең жалпы анықтамасы – тауар айналымының қажеттілігімен салыстырғанда айналыс сферасының артық қағаз ақша массасымен лықа толып кетуі, оның құнсыздануы және соның нәтижесі ретінде – тауарлар мен қызметтер көрсетуге бағаның өсуі; ақшаның сатып алуға жарамдылығының төмендеп кетуі. Инфляция кезінде қоғамдық өндіріс процесінің алшақтықтарына және артық көп ақшаның шығарылуына байланысты ақша айналысының заңы бұзылады.
Инфляция – ақша жүйесінің дағдарысты жай-күйі.
Ақшаның құнсыздануына мына факторлар себепші болады:
— айналысқа артық ақшаның шығарылуы;
— қолайсыз төлем балансы;
— үкіметке сенімнің жоғалуы.
Ұзақ уақыт бойы инфляцияны монетарлық құбылыс деп санай отырып, ол ақшаның құнсыздануы мен тауар бағаларының өсуі тұрғысында түсіндіріліп келді. Әлі де бірқатар шетелдік авторлар инфляцияны экономикада бағаның жалпы деңгейінің артуы ретінде анықтайды. Алайда инфляцияның тауар бағасының өсуінде көрінгенімен оны тек таза ақша феноменіне жатқыза салуға болмайды. Бұл нарықтық шаруашылықтың түрлі сфераларындағы ұдайы өндірістің сәйкессіздігінен туатын күрделі әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Инфляция әлемнің көптеген елдеріндегі экономиканың қазіргі дамуының ең өткір проблемаларының бірі болып есептеледі.
Бүгінде инфляция бағаның өсуі нәтижесінде ақшаның сатып алу жарамдылығының құлдырауымен ғана емес, сонымен бірге елдің экономикалық дамуының жалпы қолайсыз ахуалымен де байланысты. Инфляцияға өндіріс пен өткізу сферасындағы әртүрлі факторлар тудырған өндіріс процесінің қарама-қайшылықтары себепші болады. Инфляцияның әуел бастағы себебі – ұлттық шаруашылықтың түрлі сфераларындағы жинақтау мен тұтыну , сұраным мен ұсыным, мемлекеттің кірістері мен шығыстары, айналыстағы ақша массасы мен шаруашылықтың ақшаға қажеттілігі арасындағы алшақтықтар.
Инфляцияның ішкі және сыртқы факторларын айыра білу қажет. Ішкі факторлардың арасында ақшаға жатпайтын және ақшалай – монетарлық факторларды бөлуге болады. Ақшаға жатпайтындары – бұл шаруашылық сәйкестігінің бұзылуы, экономиканың циклдік дамуы, өндірістің монополизациялануы, инвестициялардың теңгерімсіздігі, әлеуметтік-саясми сипаттағы ерекше жағдайлар және басқалары. Ақшалай факторларға мемлекеттік қаржының дағдарысы бюджет тапшылығы, мемлекеттік борыштың өсуі, ақша эмиссиясы, сондай-ақ несие жүйесінің кеңеюі, ақша айналысы жылдамдығының артуы нәтижесінде несие құралдарының өсуі және басқалары жатады.
Дүниежүзілік құрылымдық дағдарыстар (шикізат, энергетика, валюта дағдарыстары), басқа елдерге инфляцияны экспортқа шығаруға бағытталған мемлекеттік валюта саясатығ алтынды, валютаны жасырын экспортқа шығару инфляцияның сыртқы факторлары болып табылады.
Сөйтіп, көпфакторлы процесс ретінде инфляция – бұл ақша айналысы заңының бұзылуымен байланысты болатын қоғамдық ұдайы өндіріс дамуындағы алшақтықтың көрінісі.
Инфляцияның іс-әрекетін қаржы проблемаларымен байланыстырып отыру қажет, өйткені инфляция құбылысы мынандай қаржылық факторларға тәуелді болып келеді:
Белгілі бір салық нысандары мен әдістерін қолдану;
Инфляциялық сипаттағы шараларды мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландырудың ауқымы;
Мемлекеттік бюджеттің тапшылығын жабудың әдістері;
Мемлекеттік берешектің көлемі.
Нарықтық экономика кезінде қаржы инфляциялық процеске бірқатар факторлар арқылы айтарлықтай әсер етеді (инфляциялық тенденцияларды күшейте түседі).
Бірінші фактор – мемлекет шығыстарының өсуі, бұл ерекше төлей алушылық сұранымының артуына жеткізеді, сөйтіп тікелей баға белгілеуге әсер етеді. Тауарлар мен қызметке бағаның көтерілуіне байланысты ақшаның құнсыздануы бюджет шығыстарының көбеюіне соқтырады, ал оның кірістері, ең алдымен, салық түсімдері қажеттіліктен артта қалып қояды. Бұл сөзсіз болатын ұзақ уақытқа созылған тапшылыққа ұрындырады.
Екінші фактор – табысқа (пайдаға) салынатын салықтың көбеюі. Салықтың едәуір бөлігі баға механизмі арқылы тұтынушыға ауысады және рыноктағы бағаның көтерілуінің басты себебі болады.
Үшінші фактор – бюджеттердің ұзақ уақытты тапшылықтары (өндірістік емес шығындардың неғұрлым өсуімен байланысты).
Инфляция қаржы қатынастарын да өзгерістерге ұшыратады. Біріншіден, инфляция тауарлар мен қызметтерге бағаның өсуі салдарынан мемлекет шығыстарының өсуін жандандырады.
Екіншіден, инфляция қаржы ресурстарын құнсыздандырады және салық түсімдерін арттырудың қажеттігін тудырады.
Үшіншіден, инфляциялық процесс мемлекеттің берешегі проблемаларын шиеленістіреді.