Қазақстан Республикасындағы егін шаруашылығы өнімдері

Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық реформаға дейін 2100 кеңшар, 400 ұжымшар, 20-дан астам ірі ет комбинаттары, сүт зауыттары, көптеген элеваторлар мен астық комбинаттары, жүнді бастапқы өңдеуден өткізетін үш аса ірі фабрика, Басқа да көптеген кәсіпорындар жұмыс істеді. Тек тамақ өнеркәсібінде 3 мыңнан астам кәсіпорын болды.

Экономикалық реформадан бұрын ауыл шаруашылығында өнім шаруашылықтың екі санатында ғана өндірілетін. Бұл салада реформа экономиканың басқа салаларына қарағанда екпіндірек, қарқындырақ, шапшаңырақ жүргізілді деуге болады. Бірақ бәрі дұп-дұрыс жүргізілді деуге болады. Реформаның мәнісі ондағы өндіріс құралдарына мемлекеттік және ұжымдық меншікті (ол кездегі ұжымшарлардағы меншікті емлекеттік меншік десе де болады) жеке меншікке айналдыру болды. Кейбір шет елдердегідей, бізде де негізінен шаруа (фермерлер) қожалықтары осы саладағы меншіктің иесі, негізгі өнім өндірушілер) болады деп саналды. Малды бұрынғы ұжымдар мүшелеріне бөліп беру сай болғанымен, жерді және ауыл шаруашылық құралдарын (машина-трактор шеберханаларын, автопарктерді, тракторларды, комбайндарды т.б.) жеке адамдардың меншігіне бөліп беру іс жүзінде оңай болмады, олар артты түрде ғана бөліп берілді. Жер болса бүгінгі күнге дейін негізінен мемлекет меншігінде.

Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі анықтамасы бойынша ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына бұрынғы колхоздар, совхоздар және басқа мемлекеттік шаруашылықтар (ұжымдық ауыл шаруашылық кәсіпорындары, акционерлік қоғамдар, серіктестіктер) базасында құрылған өндірістік құрамалар, кәсіпорындар мен ұйымдардың қосалқы шарашылықтары жатады.

Шаруа (фермер) қожалықтары — адамдардың отбасылық еңбек бірлестіктері болып табылады, олардың жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін ауыл шаруашылығына арналған жердерді пайдаланумен, сондай-ақ осы өнімдерді өңдеу және өткізумен ығыз байланысты.

Жұртшылық шаруашылығына (біздер жұрт шаруашылығы деп алдық) халықтың жеке қосалқы шаруашылықтары, ұжымдық бақтар мен бақшалар саяжай учаскелері жатады. Сан жағы жетерлік, сапа қандай, нәтиже қандай?

Реформа басталар алдында барлық 272 миллион гектар, ауыл шаруашылығы жері, бау-бақша өсіретін үй маңындағы және саяжайдағы аздаған жерді қоспағанда, 2,5 мың кеңшар мен ұжымшардың қарамағында болды. Сондай-ақ барлық егістік жер де, шабындықтар мен жайылымдар да солардың қолында еді. 2011 жылдың басында республикада қалған 82 мемлекеттік ауыл шаруашылық кәсіпорынның қолында барлығы 3,2 миллион гектар ауыл шаруашылық жері, 0,6 миллион гектар ғана егістік жер қалды.

Саланың тірегі, іргетасы, негізгі өндіргіш күші болады деп саналған шаруа (фермер) қожалықтарының қолында не бар, олар қанша өнім беріп отыр?

Саны 105 мыңнан асқан фермерлеріміздің қарамағында 2010 жылы 29,8 миллион гектар ауыл шаруашылық жері (шаруашылықтың барлық санаты бойынша жердің 32 пайызы), 6,1 миллион гектар егістік жер (31,8%), барлық дақылдар егістігінің көлемі 4,8 миллион гектар (29,9%), оның ішінде дәнді дақылдар 3,7 миллион гектар (29,9), техникалық дақылдар егісі 347,4 мың гектар (55%), картоп-бақша егісі 58,6 мың гектар (19,4%), жемшөптік дақылдар егісі 719 мың гектар (25,5%) болды. Сол жылы шаруа қожалықтары 4,3 миллион тонна астық (барлық өндірілген астықтың 37%), 228 мың тонна шитті мақта (79,4%), 153 мың тонна қант қызылшасын (56%), 74 мың тонна күнбағыс дәнін (70%), 191 мың тонна картоп (11,3%), 344 мың тонна көкөніс (22,3%), 202,3 мың тонна бақша өнімін (48%) өндірді. Сөйтіп шаруа қожалықтары астық, қант қызылшасы, күнбағыс, бақша өнімін өндіруде айтарлықтай табысқа жетті.