Мемлекеттік инновациялық саясаттың ерекшеліктері

Инновациялық қызметті мемлекеттік реттеу инновациялық сала институттарының экономикалық қызығушылықтарына мемлекеттік басқару органдарының мақсатты ықпал етуі. Осыған байланысты мемлекеттік басқару органы реттеу субъектісі ретінде, басқару объектісінің керекті жағдайы түрінде немесе оның қызметінің күтілетін нәтижелері түрінде өзінің нақты мақсаттарын айқындауы тиіс.

Айқындалған мақсаттарға жету үшін мемлекеттік басқару органы ықпал етудің нақты шараларын таңдауы қажет.

Ұлттық экономикадағы инновациялық белсенділікті жоғарылату мақсатында нарықтық экономикасы бар мемлекеттердің ғылыми-техникалық, инновациялық және экономикалық саласына мемлекеттің ықпалын басқарушылық емес, реттеушілік ықпалына жатқызу керек.

Мемлекеттік реттеу экономикалық құбылыстардың өзгерісімен анықталған процестерді қолдау мақсатындағы, экономикалық жүйеге мемлекеттің мақсатты ықпал ету формасы.

Инновациялық саладағы мемлекеттік органдардың негізгі қызметтері:

— инновациялық қызметтің координациясы;

— инновациялық тәуекелдерді сақтандыру, ескірген өнімді шығарғаны үшін мемлекеттік санкцияларды енгізу, осы саладағы бәсекелестікті қадағалау;

— инновациялық процестердің құқықтық базасын құру, сонымен қатар инноваторлардың авторлық құқықтары мен интеллектуалды меншікті қорғау жүйесін қалыптастыру;

— инновациялық қызметті кадрлық қамсыздандыру;

— инновациялық инфрақұрылымды құру;

— мемлекеттік сектордағы инновациялық процестерді институционалды қамсыздандыру;

— инновацияның әлеуметтік және экологиялық бағытын қамсыздандыру;

— инновациялық қызметтің қоғамдық лауазымын жоғарлату;

— инновациялық процесті аймақтық реттеу;

— инновациялық процестің халықаралық аспектісін реттеу.

Мемлекеттік реттеу стратегиялық бағыттар мен ғылыми-технологиялық және әлеуметтік-экономикалық тиімді дамудың жолдарын таңдауға негізделеді. Мемлекеттік реттеудің міндеттерінің бірі шаруашылық субъектілерінің инновациялық белсенділігін ұйымдық-нормативтік және мемлекеттік қаржы-ресурстық  қолдау шараларын жүргізу.

Мемлекеттік ғылыми-техникалық саясат – бұл ғылым мен техниканың кешенді дамуын қамтамасыз ететін мақсатты іс-шаралар кешені. Мемлекеттік инновациялық саясат шаруашылық субъектілерінің инновациялық қызметті интенсивті жүзеге асыруын қамтамасыз ететін іс-шаралар жүйесі.

Жоғарыда аталған инновациялық саладағы мемлекеттік реттеудің бағыттары Қазақстан Республикасында да кездеседі.

Республикадағы мемлекеттік инновациялық саясаттың құрылу механизмін қарастырайық.

Мемлекеттік инновациялық саясатты жасаудың ұйымдық формасы ретінде өзара байланысты министрліктер мен ведомстволар, ғылыми қызмет субъектілерінің қоғамдық ұйымдары, өндіріс саласының субъектілері болуы мүмкін.

Қазақстанда осындай формаға: Қазақстан Республикасының Үкіметі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Экономикалық даму және сауда министрлігі, Қаржы министрлігі және т.б. жалпы барлық министрліктермен агенттіктер.

Инновациялық саланың нақты жағдайы туралы деректерді ҚР статистика жөніндегі Агенттік ұсынатын статистикалық есепті жүйесі арқылы алуға болады. Сонымен қатар 17.06.2003 ж. агенттіктің жарлығы бойынша бекітілген өнеркәсіптік кәсіпорындар мен құрылыс ұйымдарының инновациялық қызметінің даму тенденцияларын зерттеу туралы №ИН-001 анкетасы мен 11.11.2003 ж. бекітілген №1- инновация «Ұйымның инновациялық қызметі туралы деректер» атты статистикалық бақылау формасынан да алуға болады.

Инновациялық саланың нақты жағдайын мемлекеттік инновациялық саясат мақсаттарымен сәйкестендіруді мемлекеттік басқару органдары, инновациялық қызмет субъектілері, зерттеу ұйымдары жүзеге асырады. Қазақстандағы инновациялық саясаттың ерекше талдауын «Маркетингтік аналитикалық зерттеу орталығы» АҚ, «Инжиниринг және технология трансферті орталығы», «Ұлттық инновациялық қор», облыс және қала әкімшіліктері, «Қазақстанның инвестициялық қоры», «Қазақстан Даму банкі», «Экспорттық кредит пен инвестицияларды сақтандыру бойынша мемлекеттік сақтандыру корпорациясы», «Қазақстандық келісімшарт агенттігі», «Самыруқ-Қазына» ұлттық әлауқат қоры, салалық министрліктер және т.б. мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар жүргізеді.

Келеңсіз жағдайларды шешуге арналған инновациялық саясаттың мақсаттарын нақтылаумен мемлекеттік инновациялық саясаттың субъектілері немесе олардың тапсырысы бойынша мамандандырылған зерттеу ұйымдары айналысады. Келеңсіз жағдайлар нұсқаларын жасау заңдармен есепке алынған стратегиялар негізінде жүргізілуі тиіс.

Шешімнің оптималды нұсқасын таңдау шешім қабылдайтын субъектінің типіне сай процедуралар негізінде жүзеге асырылады: жоспарлар, келісімшарттар, қызметтің ішкі нормалары және т.б. Мысалы, Қазақстанда бұл мемлекеттің Үкіметі мен Сауда және индустрия министрлігі жасаған индустриялды-инновациялық саясаттың бастапқы міндеттерін жүзеге асыратын әр жылғы іс­шаралар жоспары. Министрліктер және ведомстволар жоспарына сәйкес инновациялық саланың субъектілері нақты мәселелерді шешеді, маркетингтік коньюнктуралық зерттеулер жүргізіледі, аудандардың өнеркәсіптік, инвестициялық және инновациялық потенциал мониторингі, шешімдер ұсынылады және түрлі салалардың дамуы болжамдалады.

Мемлекеттік инновациялық саясат нәтижелерін анықтау, инновациялық қызмет субъектілерінің іс-әрекеттері туралы, мәліметтер негізінде деректерді саясат мақсаттарымен сәйкестендіргенде іске асырылады. Бірақ осының нәтижесінде нақты және болжанған нәтижелер арасында ауытқулар пайда болады. Ауытқудың, яғни жаңа келеңсіз жағдайдың пайда болуы инновациялық сала қызметі шарттарының өзгерісі мен жаңа нұсқалардың жасалуына негіз болады.

Мемлекеттік инновациялық саясат объектілері болып инновациялық қызмет субъектілері табылады.

Әлемдік бизнестік мемлекеттерде ғылыми-техникалық және инновациялық саясаттың жүзеге асырылу және құрылу механизмі әртүрлі, өйткені мемлекеттерде нарық пен мемлекет функциялары сәйкестігі, шаруашылық қызметтегі орталықтандыру және еркін кәсіпкерлік принциптерін қолдану бірдей емес, сонымен қатар ғылымды басқарудың ұйымдық құрылымы да әртүрлі. Бірақ нарықтық экономикасы бар мемлекеттерде өндірістің даму заңдылықтары мен инновациялық қызметтің бағыттары бірдей.

Әлемдік тәжірибеде қолдаудың формалары мен деңгейі бойынша келесі мемлекеттік стратегияларды бөліп көрсетуге болады: ұдайы араласу, орталықтандырылмаған реттеу және аралас.

Ұдайы араласу стратегиясында мемлекет ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті ұлттық экономиканың экономикалық өсуінің негізгі факторлары деп санайды. Осындай стратегияны таңдау заңнама мен мемлекеттің сыртқы саясатына елеулі өзгерістер енгізеді. Мемлекет ұлттық экономиканың дамуына ықпалды үлес қосатын көптеген маңызды бағдарламалар мен жобаларды ұйымдастыру мен қаржыландыруда ерекше рөл атқарады.

Орталықтандырылмаған реттеу стратегиясы аса күрделі механизм. Осы стратегияны таңдаған мемлекет маңызды рольді сақтайды, бірақ ұдайы араласу стратегиясына сай сипаттамалар болмайды.

ҚР Үкіметі аралас стратегияны жүзеге асырады. Өйткені: ұдайы араласу стратегиясы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті экономикалық өсудің негізгі факторлары ретінде санайды, ал орталықтандырылмаған реттеу стратегиясында ғылыми­техникалық және инновациялық қызметте алдыңғы орында шаруашылық субъектілері тұрады, ал мемлекет жағымды құқықтық, экономикалық және т.б. жағдайларды жасауға ұмтылады.

Инновациялық кәсіпкерлікте мемлекет рөлінің өсуі объективті процессі, себебі нарық кәсіпорынға инновациялық қызметті үздіксіз жалғастыруға жағдайлар жасай алмайды.

Инновациялық кәсіпкерлік  саласындағы мемлекет рөлі өсуінің тағы бір себебі: оны жүзеге асыруға кеткен шығындар өсімі. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау жүйесінің негізі қаржыландыру болып табылады.

Қазақстан 2015ж. дейін Республиканың индустриалды­инновациялық дамуына 500 млн доллар көлемінде қаржы жұмсалмақ. Тартылған инвестицияларды қоса есептеген сома 1,2 млрд долларды құрады.

Инновациялық саясат жүйесі келесі элементтерді қамтиды. Бақылау объектісі болып негізгі субъектінің инновациялық қызметі формасындағы инновациялық процес яғни ғылым мен техника жетістіктерін тәжірибеде қолдану облысындағы мемлекеттік, академиялық және ғылыми-зерттеу ұйымдары мен өнеркәсіптік фирмалар қызметі.

Әкімшілік әдістер нарықтық экономика жағдайында басқарудың директивті әдістеріне қарағанда, инновациялық саясатты жүргізетін нақты қызмет түрлерін шектейтін заңнамаға негізделеді. Инновациялық қызметке ҚР­ның әкімшілік араласуы инновациялық саладағы құқықтық нормалау арқылы көрініс табады. Осы фактіні республикадағы инновациялық кәсіпкерліктің құрылу тарихы растайды.