Республикамыздың орман қоры

Жер планетасының ғасырлар бойғы барлық жануарлар дүниесі мен адамзат баласы үшін тіршілік негізі – таза ауа. Ол тек өсімдіктер дүниесінен бөлініп шығатын оттегі. Бізді қоршаған тропосфералық ауа қабатының 20,9% осы оттегіден тұрады, ол тұрақты ең қажетті газдың бірі. Су оттегін бөліп шығаратын негізгі жасыл фабрика – көпжылдық ағаштар.
Қазақстан аумағының 3,8 %-ын орманды жер алып жатыр. «Қазақстан — 2030» стратегиясында бұл көрсеткішті 5,1 %-ға дейін көтеру жоспарланған.
Кейінгі жылдары республикамыздың орман қоры аумағында 2257 орман өрті орын алды. Бұл өрттердің 70 %-ы отты дұрыс пайдаланбаудың салдарынан болған.
Өрт 4 млн. текше метрге жуық ағашты жойды. Ірі орман өрттері Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарында болды.
50 мың гектар орман алқабында зиянкестер мен ағаш аурулары анықталды. Ең ірі орманды аумақтар – Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында. 1997 жылы орман заңын бұзушыларға қарсы 500 іс тіркелді.
Қазақстан солтүстігінде өзенді жағалай өскен ормандары мен оңтүстігіндегі тоғайлары жеке-жеке алқаптар болып есептеледі.
Барлық таулы жерлердегі ормандардың топырақ пен су қорғауға тигізетін әсері көп. Олардың арқасында тау бөктерлерінің шымы қалпында сақталып, су ағысы біркелкі мөлшерде реттеліп отырады.
Қазақстандағы орманның жалпы көлемі «Қазорман» шаруашылығының мәліметі бойынша 1998 жылы 24568,4 мың гектар болды.
Соңғы жылдары орман шаруашылығын қаржыландырудың қысқаруынан, орманды күтіп ұстаудың жағдайы күрт төмендеп кетті. 1997 жылдың 10-шы айында ірі өрттен 170 мың гектардан астам орман өртенді. Мысалы, Баянауыл ұлттық бағының ерекше қорғалатын аумағының 12,1 гектары өртеніп кеткен.
Бақылау қызметінің қысқаруынан және қазіргі техниканың көптеген орман қорғау кәсіпорындарында іс жүзінде жоқтығынан зиянкестер ошағы мен орман аурулары көбейіп барады.
Орманның азып-тозуы антропогендік және табиғи факторлардан туындайды. Мысалы, Қызылқұм шөлейт даласын суаруға Сырдариядан су алуға байланысты жер асты суларының деңгейі төмендеп, бұталы ағаш өсімдіктерінің жағдайы нашарлап, бұл жер сексеуіл өсіруге жарамсыз болып қалды. Малды жөнсіз бағудан шөлейттегі орман едәуір зардап шекті. Далалық орман, ең алдымен аса бағалы қарағайлы орман ретсіз кесуден таусылған. Өзендердің реттеліп тежелуінен және өрттен тоғай қатты азып-тозып кетті. Оның ішінде сирек кездесетін биогеоценоз – тораңғы да таусылып бітті. Сондықтан Шардара ауданында соңғы онжылдықта осы тұқымның 30 %-ын маңызы шамалы шеңгел тобы ауыстырған. Жоғары табиғи таулы жердегі ерекшелігіне қарай тау орманы өрттен көп зардап шекті.
Республика ормандарында қалыптасқан экологиялық нашар ахуал және тозу процестері орман ресурстарын сақтап, ұтымды пайдалану жөнінде шұғыл және кесімді шараларды қаблдауды талап етеді.
1993 жылы қабылданған жаңа Орман кодексі Қазақстан Республикасының құқықтық және экологиялық жағынан орманды қорғауға, шаруашылықты ұтымды жүргізуге ынталандыруды белгілі шамада арттырды.
Халық шаруашылық маңызы бойынша Қазақстан ормандарын үш топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа жататын ормандар 18,7 миллион гектарды алып жатыр. Бұларға егістік қорғауға орналған, топырақ қорғау, су қорғауға арналған орман алқаптары, қалалар мен өндіріс орындарының айналасындағы, курорттық ормандар, өзендер, тас жол, темір жол жиегіндегі және мемлекеттік қорықтардың ормандары жатады. Бұл ормандарды кесуге тыйым салынған. Тек күтіпбаптау, тазалық және орманды қалпына келтіру кезіндегі кесулер ғана жүргізіледі. Бірінші топқа жататын ормандарды қорғауда оларды тиімді пайдалану мен өсірудің маңызы зор.
Қазақстан ормандарының басым көпшілігі – Тянь-Шаньнің таулы ормандары, Ертіс маңындағы таспалы тоғай, Қазақстан қатпарлы өлкесінің қарағайлы-қайыңды ормандары, Солтүстік Қазақстанның қайыңды ормандары, тоғайлар мен сексеуіл ормандары.
Екінші топқа су қорғауына алынған ормандар, аз орманды, орташа орманды жерлердің орындары жатады. Бірақ ағашты кесу мөлшері жылдық өсімге сәйкес анықталады. Қазақстанда бұл топқа 591 мың гектар жерді алып жатқан Шығыс Қазақстан облысының жерлері жатады.
Үшінші топқа орманды жерлерде орналасқан барлық ормандар кіреді. Бұл жерлерде өндірістік орман дайындау жұмыстары жүргізіледі. Республикамызда оларға Кенді Алтайдың таулы ормандары, Шығыс Қазақстан облысында – 1,5 миллион гектар жерді алып жатқан ормандар кіреді. Сексеуілдің үлесіне барлық ормандардың аумағының 50 % сәйкес келгенмен, олардағы ағаш қоры бар болғаны 2,1 % ғана. Бағалы қылқанжапырақты ормандар Алтай мен Тянь-Шаньде, Ертіс маңындағы таспалы тоғай мен Қазақстанның қатпарлы өлкесінде өседі.
Ағаш қоры мен көлемі бойынша Шығыс Қазақстанның қылқанжапырақты ормандары бірінші орында. Олар самырсын, шырша, кедр ағаштарынан тұрады. Екінші орында шоқ қарағайлы ормандар, үшінші орында – Тянь-Шань шыршасынан тұратын таулы ормандар тұр.
Орман шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының есептеулері бойынша Қазақстанның облыстарында болашақ қорғаныштық ормандар отырғызу қажет.